Шет тілін қалай үйрену керек? 5 шарт

Шет тілін қалай үйрену керек? 5 шарт
Шет тілін қалай үйрену керек? 5 шарт

Шет тілін қалай үйрену керек? 5 шарт

Бүкіл жастарды толғандыратын мәселе бұл. Шынымен, қалай үйрену керек? Оның тек аз ғана адам білетін құпиясы бар ма? Осы біреулер қалай бірнеше тілді қысқа уақыт ішінде меңгеріп алады? Интернетте шет тілінен қаншама репетитор, мұғалімдер бар, әрқайсысы өздерінің әбден жауыр болған әдістемелерін ұсынады. Әсіресе, грамматика. Мүмкін біреулер грамматика арқылы да тіл үйренген болар. Бірақ бұл жол — «жақын, жақын да болса, алыс», не айтқым келгенін түсінген боларсыз. «Сериозно» отырып қалай үйренуге болады шет тілін? Бүгін біз осы туралы қысқаша әңгімелесіп, кейбіреулердің тәжірибесімен танысамыз.

1-шарт: ең маңызды, ең дәлелденген нәрсе — адамда ынтаның, құмарлықтың, ықыластың, ниеттің, махаббаттың болуы. Мысалы, ағылшын тілін қаааатты қатты үйренгіңіз келуі керек. Ағылшындардың нақылы бар: «If there is a will — there is a way» — қазақшаласақ, «ерік-жігер бар жерде, әрқашан жол бар». Абайша айтсақ, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Егер қалауың онша күшті болмаса, яғни «иә, дұрыс айтасың, мына заманда ағылшын тілі маңызды; мамам да маған бір шет тілін білу керектігін ескертіп отырады…» деген сияқты «теңізге жіберсең, батып кететін» ықылас жеткіліксіз, бәрібір орта жолда өшіп қалады. Оның соңы қалай бітетінін айтып берейін: желге ұшқан ақша, босқа кеткен уақыт және «мұғалім нашар болды». Ықылас, құмарлық бар кезде соңы былай бітуі мүмкін: дұрыс жұмсалған ақша, пайдамен өткен уақыт, қажетті білім, көңілді естеліктер.

Бір жігіттің (Бауыржан деп атайық) оқиғасы:

Мен студент кезімде тіл үйренемін деп шешім қабылдадым. Қалтада төгіліп жатқан ақша жоқ кітап, диск сатып алуға, мұғалім жалдауға. Бірақ менің ықыласым тіл үйренуге керекті кітаптарды да, аудиожазбаларды да тауып беріп, күніне 15 сағат тіл үйреткізіп қойды, тіпті Чикагодан жеке мұғалім де таптым. Бұларға кеткен ақшаға мен жап-жақсы жылтыраған туфли алсам да болар еді. «The Times», «Daily Express» сияқты газеттерді сөзбе-сөз оқып, үйрену не азап десеңші. Бірақ ықылас болғандықтан, ауырдың бәрі жеңіл.

2-шарт: ең қорқыныштысы: күш білмеуде… Бұрынғылар айтқан ғой: «Scientia potentia est», яғни, «күш білімде» деп. Мүмкін олар қателескен болар. Өйткені бір тілді меңгеру алдында оның қаншалықты қиын екенін білмегенің абзал.

Мен алғаш тіл үйреніп бастағанымда, интернет-білгіш ұстаздардың және курстардың жарнамасының айтуы бойынша, …3 ай (???) ішінде үйренемін деп шештім. Маған солай деп уәде берген (Әлі де солай уәде беріп келеді). Үш ай бітті. Тағы 6 ай үйренуді жалғастырдым. Сосын барып түсіндім, тіл үйрену деген ғұмыр бойы созылатын процесс екен, бір тілдің түбіне жетіп болмайсың. Ол Мариана шұңғымасы секілді тұңғиық. Тіл үйренудің осынша қиын екенін әуел баста білгенімде, мен үйренбес те едім деп ойлаймын қазір. Үш ай ішінде неміс, француз тілін қалай үйреніп шығасың???

3-шарт: психологиялық кеңес: әрқашан өз-өзіңе көңілің толмауы керек. Немістің нақылы айтады: «Unzufrieden sein — erfolgreich sein». Қазақша айтсақ, өзіне көңілі тоқ пен қарны тоқтар ештеңе істемейді. Тағы да Абайдың тілімен айтсақ, «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын». Өзіңе көңілің толмаса, жеткен нәтижеңе іштей разы болмасаң, одан сайын оқуға дендеп кіре бересің. Алға жылжисың. Өзіңе талапты күшейтіп, мақсатыңды биік қойып, темірдей тәртіпке бағыну қажет.

Эгоистік мақсат қойсаң тіпті жақсы. (Осындайда Макиавелизмнің философиясын ұстансаң болады, яғни бір жақсы нәрсеге қол жеткізу үшін жақсы да, жаман да әдістерді қолдан. Әйтпесе, эгоист болған несі жақсы). Яғни, Қожа ағылшынша білмейді, мен білемін. Одан артықпын. Жантас менен жақсы біледі. Енді бұдан да көп дайындалып, одан да озуым керек деген сияқты.

4-шарт: ең қызығы: ең ақылды адаммен сөйлесіңіз, яғни өз-өзіңмен сөйлес. Лингвистикада бір керемет тәмсіл бар: «Оқып үйренгің келсе, оқу керек. Жазып үйренгің келсе, жазу керек. Түсініп үйренгің келсе, тыңдау керек. Сөйлеп үйренгің келсе, сөйлеу керек». Кері теоремасы: Тек сөйлей берсең, жазуды білмейсің. Тек тыңдай берсең, оқуды білмейсің. Әрқайсысына өзінің практикасы керек. Оқу мен жазу оңай шығар, бірақ түсіну мен сөйлеу ең қиыны.

Кіммен сөйлесу керек? Егер өзіңнің бокс грушаң болмаса, онда қолдан жасап ал, яғни өз-өзіңмен сөйлес, өзіңмен диалог құр. Әр рөлге еніп, сөйлес. Отбасың туралы әңгіме айт, санкцияның әсері туралы айт, жер мәселесі туралы айт, Баянның соңғы бір жылдағы тағдыры туралы айт. Жалпы талқылайтын қызықты тақырыптар көп қой.

Бір жігіттің (Нұрсұлтан дейік) оқиғасы:

Мен өз-өзіммен сөйлесуді әдетке айналдырдым. Әрине, үйде жария түрде. Көңіліме ұнаған тақырыпқа терең кіріп, Елбасы да болам, күзетші де болам, сәби де болам, жемқор да болам, бабник те болам. Қайта осылай жасау арқылы бүкіл дискуссиям жалықтырмайтындай қызықты өтеді. Автобуста терезеге телміріп отырғаннан немесе кезекте тұрғанда алдымда неше адам барын санап тұрғаннан гөрі, іштей монолог жүргізгенді артық көремін. Әрине, ағылшын тілінде. Ең қызығы, іштей шет тілінде монолог құрып, өзіңмен өзің қиял боп тұрғанда, сатушыға немесе басқа біреуге сол тілде сөйлеп қоясың. Сосын бәрі саған тесіліп қарасын.

5-шарт: қайталау — білімнің анасы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Құран сүрелерін жаттаушыларға мынадай мазмұнда кеңес береді: «Құранды жаттаңыздар, әйтпесе түйенің жіптен босап қашқанынан гөрі, ол адамдардың жүрегінен тез қашады«. Сол секілді, жаңа сөздерді қайта-қайта қайтала, сонымен ұйықтап, оян. Туалеттің ішінен басқа барлық жерге стикермен жабыстырып қой. Ұзақмерзімді жадыға жазылып біткен соң, санаңнан өшпейтін болады.

Қысқасы, осы. Тілге деген құмарлығың оянсын, әмин :)

Мирас Кесебаев

Тек қана ағылшын

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

This blog is kept spam free by WP-SpamFree.